06.06.2022
  110


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӨЛЕҢІМ – ИЫҚТЫ ЕТКЕН, БИІКТЕТКЕН

Өлеңім – иықты еткен, биіктеткен,
Өлеңім – күйікті еткен, сүйікті еткен.
Айтайын саған деген өкпе-назды,
Айтсам деп жүруші едім жиып көптен.
Толғантпай сені жүрген таңғажайып,
Қалайша тар кеудеме сыйып кеткен?
Желпінткен туған жердің белеңдерін,
Серпілткен айдын көлдің тереңдерін.
Мендегі ыстық құшақ сағынышпен,
Аймалап сен де бір күн көрер ме едің.
Алауын жүрегімнің, ақ жалынын,
Айта алмай келесің-ау, өлеңдерім.
Алтындай Қызылжардың топырағы,
Алыптай сап түзеген шоқылары.
Мен туған қыстақ орны бабалардың,
Мен үшін құм жамылған Отырары.
Өлеңім, сен осыны жыр етпесең,
Толғанып Жарылқасын отырады.
Шалғыны, шабындығы, шалқар көлі,
Қаз, үйрек, ақ қояны, арқар белі.
Кетпестен көз алдымнан қолын бұлғап,
Көлбеңдеп көкжиектен тартар мені.
Жетпеген менің тілім бұл суретті,
Өлеңім жеткізіп бір айтар ма еді!





Пікір жазу