05.06.2022
  404


Автор: Қуаныш Жазай

ӘКЕ

 


Жіберетұғын күнде жүз қате, 


Бала едік онда жас, бұла. 


Бұзықтық етсек бірде, бізді, әке, 


Алушы ең таяқ астына. 


 


Даланы шарлап досымыз-Күнмен, 


Өспедік қаңғып, доп қуып. 


Есейіп ерте есіміз кірген, 


«Көк ала қойдай» боп жүріп. 


 


Өзіңді қатал ғанасың дедік, 


Ол шындық еді біз ұққан. 


Таяқ жемейтін баласын көріп, 


Талай әкеге қызыққам. 


 


Бекер-ақ саған өкпе артқам сонда, 


Оны да кешір, кеш білгем. 


Таяқтан азап көп тартқан соң ба, 


Саналы болып өстім мен. 


 


Бұл күнде мығым өлеңім, ісім, 


Өйтпесең мұндай болмас ем. 


Өмірден таяқ жемеуім үшін, 


Таяқтапсың ғой сонда сен... 


 


...Байқайсың ба, әке, шетінен кекті, 


Ойлары қулық, тек нала, 


Бұзықтық жасап бетімен кетті, 


Таяқ жемеген көп бала. 


 


Түземейді олар қатесін неғып, 


(Кеміген бе, әлде, ой-айбын?!) 


Таяқтамаған әкесін көріп, 


Баласын қатты аяймын, 


Әке...


 


Қуаныш Жазай 





Пікір жазу