05.06.2022
  262


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТАБИҒАТТЫҢ ЗАҢЫНА БАҒЫНАСЫҢ

Табиғаттың заңына бағынасың,
Кімге бұдан кұтқар деп шағынасың.
Сіңіп кеткен сағымға сайғақтардай,
Күндерінді күрсіне сағынасың.
Ақ түсіпті шашқа да, самайға да,
Өзгереді бұл өмір қалай ғана?
Таң атып тұр сол қалпы, күн шығып тұр,
Ай туып тұр сол қалпы, арайлана.
Мен туғанда көк-жасыл көктем екен,
Туған күні ақ жауын төккен екен.
Ақ жауындай алдыңда, ей, дүние,
Сезімімді себелеп өтсем екен.
Жарқырасын жұлдызым маңдайдағы,
Дәмі кетпей тәтті әннің таңдайдағы.
Жабымын ба, мен әлде жүйрікпін бе?
Жүйрік аз ба жүдеген жанбай бағы.
Көрсем екен бәрін де, көрсем екен,
Бар-жоғымды халқыма берсем екен.
Аз емес қой арманда өткен ақын,
Ризығымды армансыз терсем екен.





Пікір жазу