ШАТ ШАҢЫРАҒЫМ
Жып-жылы үй, жылы жүзді жұбайым да,
Ұл-қызым бәрі менің ыңғайымда.
Сыйлайды бірі әке, бірі ерім деп,
Құдайдан бұдан артық сұрайын ба?!
Тағамның маған сақтар дәмдісін де,
Бар заттың бір мен үшін әрлісі де.
Ел-жұртқа атың шыққан ақынсың деп,
Киімнің маған жабар сәндісін де.
Шаттансам бәрі бірге шаттанады,
Мақтансам бәрі бірге мақтанады.
Жасырын сырымыз жоқ, мұңымыз жоқ,
Бірігіп айырамыз ақ, қараны.
Жанымды шуақты ұям нұрға бөлеп,
Шығарды қырмызы гүл қырға демеп.
Күміс те, алтын да емес, жұбайыма
Мен жазған жақсы жырдан сырға керек.
Көңілдің күнде думан жасыл бағы,
Шаттығым шалқып жатыр басымдағы.
Бақытым – әр баламның иығыма,
Еркелеп кезек-кезек асылғаны.
Қызығым ұзағынан сүйіндірсін,
Мойынын аққу-арман иілдірсін.
Қайғысыз қара көже асым болып,
Достарды қуанышқа жиылдырсын.