Қыл қобыз
Тозған деуге келмейді,
Озған ғасыр,
Ескілеу.
Үніне жақын жел дейді,
Дұрысы, желден естілеу.
Ішегі қылды талшықтан,
Үні зарлы,
Қайғылы.
Заманы әрі Қорқыттан,
Белгісізі, қай жылы?!
Күй тартылса -
Жыр-аңыз,
Сазы жанға өтімді.
Аты оның қылқобыз,
Өзі жүрек секілді.
***
Сөйлер жерде іркілсем,
Сөзге келмей,
Күйіп, жанып, піспей-ақ өзгелердей.
Қабағым да түйілген,
Сондай сәтте,
Мен сөйлесем дүние өзгерердей.
Сөйлемесең,
Осылай ұрсып бәрі,
(Ішіндегі мен болып қырсықтары)
Ойланамын,
Бірақ та ұйқыдамын,
Сүртілмеген көзімнің былшықтары.
Болғаным ба?
(Ойлаймын)
Ұяң ағаш,
Бұтағына құс қонып, ұяламас.
Өмірдің де білінбес тәттілігі,
Қатарласып жүрмесе мұң аралас.
Кінәлі тек мен болып,
Ұрсып бәрің,
Ішіңдегі мен болып қырсықтарың.
Орамал бер одан да сүртейін мен,
Сүртілмеген көзімнің былшықтарын!