05.06.2022
  135


Автор: Ислам Қосжан

Алтынның буы

Нағашым Биғара Өтемістің айтқаны
Шопан жігіт қойдан жуас мінезі,
Қой соңында ертелі – кеш жүреді.
Шаршамаған барлық істі тындырған,
Қой сауғанда, қой көгендеп бір өзі.
Шаруасы жоқ бөтен сөзбен, кісімен,
Маңдай термен,
Нанын тапқан күшімен.
Бар шаруаны жалғыз өзі тындырып,
Бір ауылды таң қалдырған ісімен.
Сырттан келген дүлей күш пе?
Қысым ба?
(Анық сыр бар ел білмейтін осында.)
«Байдың қызын енді қашан алам» - деп,
Айқайлаған қой көгендер тұсында.


Шопан жігіт қойды жүрген көгендеп,
Қалады екен осы тұста дедеңдеп.
Айқайлаған, «байдың қызын алам тек,
айтпаса да берем деп».
Шопан – шопан,
Қызды алардай бай емес,
Қой соңында жүрген пенде қара кеш,
Тойып ішер тамағы жоқ,
Үйі жоқ,
Байлық айтып, айқайлатқан қай елес?!
Бір нүктеге келген кезде күліпті,
Міне содан болған көзге күдікті.
Қой көгендер сәтте шыққан айқайды,
Сауыншысы күнде естіп жүріпті.
Шопан еріп өрісіне қой шықты,
Өрнек өріп іздеріне айшықты.
Көргені мен естігенін қалдырмай,
Сауыншысы бір күн байға айтыпты.
Болған жайды бай тыңдаумен қанықты,
Ойға салып, бір білгірлік танытты.
Қой көгендер жерді барып қаздырып,
Мол қазына -- алтын тауып алыпты.
Әлқисасы,
Шопан келген өрістен,
Қой көгендеп, араласты көп іспен.
Өткен күнгі бірі де жоқ айқайдың,
Мұңаяды тек іштен.
...Байлық буы,
Алтын буы ғаламат,
Өн бойыңды кеткен кезде аралап.
«Алтын көрсе жолдан тайған періште»-
Адамда да жоғалады қанағат!





Пікір жазу