Бір тамшы
Бір тамшы жас...
Бір тамшы су, бір тамшы,
Ізім болып -
Бір тамшыдай жыр қалшы.
Өмір деген көп тамшыдан құралған,
Өзім де мен сол тамшыдан тұрсамшы?!
Бір тамшы су,
Сен бар жерге көп келем,
Себебі мен шөлдегенде жеткен ем.
Бір тамшы су тіршіліктің бастауы,
Құдірет күш деп білем!
Бір тамшы жас...
Білесің бе бет-пернем?
Бір тамшыдан басталған жас төккен ем.
Себебі ме? Себебі...
Талай жерде сүріндіріп кеткен ең!
Мақсатыма талай жеткен,
Жетпеген,
Бір тамшы жас жұтып тұрып кектенем!
Өткелдерім өтпеген!
Жақсы көрем... сөйте тұра, жек көрем.
Неге былай?..
Мұң кешемін текке мен,
Қуаныштың жасын талай төккен ем!
Көңіл деген тұрады екен бұлттардан,
Сол тамшыдан құралады көк деген.
Бір тамшымен бреді екен Жерге дем,
Бір тамшыдан мұхит, теңіз, көл, өзен.
Бір тамшы су дүниені тербеген,
Бір тамшыдан құралғанбыз,
Сен де, Мен!
Бір тамшы жас,
Қимасымды жерлеген,
Жас тамбаған көздерді де көрген ем...
Дүниеге сағынышпен қарасаң,
Бір тамшыға ұқсайды екен, Жер деген!