05.06.2022
111
Жауабы жоқ, сұрақпын
Мүңкір періште жақсыңды жазып отырады,
Тізеді Нәңкір тек қана айып-кінәні.
«Тафсир»
...Алдымызда бір сот бары анық бұл,
Жұмақ, бәлкім тамық-дүр.
Біз пақырды жерде аңдушы аздай-ақ,
Аспаннан да бағып тұр...
Е.Раушан
Жауабы жоқ сұрақпын,
Таппағасын жаным жай.
Өмір тәтті,
Бірақ тым –
Қысқа, қамшы сабындай.
Жазсаң оның арты дау,
Шыным осы.
Жазбас ем!
Жоғарыдан бақылау,
Жердегіні аз десең.
Қыздырады шекеңді,
Тұман ойлар бүркейді.
Әттеген-ай...
Қатеңді,
Нәңкір жинап, тіркейді.
Жазады екен күнде не,
Сұрауға да болмайды, ә?
Айтқың келсе бірдеңе...
Мүңкір бірақ, тыңдай ма?!
Ысылғанбыз көндігіп,
Басқаға да...
Шыдармыз.
Қалтырама шерлі үміт,
Жол болмайды бұраңсыз!
Іштей тынып алһаммен,
Жақсылыққа шөлдедім.
Бір Алласы болғанмен,
Құдайы көп... пендемін.