05.06.2022
  158


Автор: Ислам Қосжан

Абыл ақын

Түркпеннің классигі Мақтымқұлы: «Түсімде Абыл және қарақалпақ,
қаңлы руынан шыққын Ақтәжі ақын қыз үшеуміз бір жерден кесемен ас
іштік. Қызбен екеуміз кесенің ішіндегі асты іштік те, Абыл кесені асымен
жұтып қойып еді. Абыл бізден кейінгі ақын болар, бірақ, ақындығы басым
болар» - деген екен.
1
Өзі дүр-ді,
Басқа әлем,
Ашпаған,
Дерек аз ба?..
Жыр жазуға жасқанам.
Қағазсыз–ақ домбырамен Абылым,
«Қырық том» жазып тастаған.
Өлең-жырдың дариясы ағылған,
Көлем жырдың ариясы лағылдан.
Біз білетін,
«Қырымның қырық батыры»,
Бастау алған Абылдан.
Адай дейді-ау.
Адайлығын жасаған,
Ас пен бірге кесені де асаған.


Абыл бастар,
«Бес жүйрігін адайдың»,
Нұрым, Ақтан, Аралбай мен Қашаған.
Басылмады көңілімнің құмары,
Ой – санамда Абыл ақын тұрады.
Барымызды бағаламай келеміз,
Мойындаған,
Мақтымқұлы пырағы!
2
...Абыл геліп аддан дүшди,
Анча Бек гелип гөрушди...
...Абыл келіп аттан түсті,
Қанша Бек келіп көрісті...
Хатам (түркпен ақыны)
Күтудей-ақ күтуде ауыл бүгін,
Сағындырған естуге жағымды үнін.
Маңайдағы кең қазақ жиналуда,
Жыр-жырлайды дегесін Абыл дүрің.
Осы ауылға келері көп естіліп,
Абыл келді,
Керуен – жыр ілестіріп.
Сап түзеген алдында Бектер тұрды,
Шыққан болып бір үйден кеңес құрып.
Осы емес пе?
Ел-жұрттың қалағаны,
Абыл жырдың қадепті қара нары!
Бұл Бектердің Абылды күтуі шын,
Күтпеуіне жетпейді шамалары.
Ай жырласа жиналмай жыр етегі,
Түнді түнге әкеліп, түнетеді.
Бір сәтінен ақынның үзінді бұл,
Осы шығар Абылдың ірі екені!





Пікір жазу