05.06.2022
  218


Автор: Ислам Қосжан

ЖЕТІ ҚАЙҚЫ

«Жеті қайқы»: Тастемір, Өскінбай, Тұрсын, Жылгелді,
Досат, Шолтаман, Әділ.
І
Түп қияннан жетті бізге асыл ән,
Аспанында бұлттар бүркеп жасырған.
Қаратаудың аржағынан шырқалып,
Бержағына асылған.
Қақ айырып қою түнді жолынан,
Жұлдыз жанып,
Айы туып оңынан.
Заты басқа,
Аты болар басқаша,
Жүрек шырқап,
Естіледі болып ән.
Жетті бізге ұзатылып ұзын көш,
Сұлулық-ай,
Бір міні жоқ үнінде еш.
Дауысында бес байталдың құны бар,
«Жеті қайқы» ән салады бүгін кеш.
Дауыл керек шымырлатар денені,
Жай дауысты елім ерсі көреді.
Бір-біріне шаң тигізбей аттары,
«Жеті қайқы» қырдан асып келеді.
ІІ
Ағыстарды елемей,
Жарып бұрған,
Алыстарды телегей,
Қарық қылған.
Ақ жаңбырдай дүние-ай,
Нөсерлеткен,
Ән екен ғой аспаннан ағып тұрған.
Аппақ, әсем сөз елес,


Сазы ұқтырған,
От па десем?
От емес -
Жарық қылған.
«Жеті қайқы» шетінен сылқым сері,
Келе жатқан айқайды салып қырдан.
...Қыз қылығы,
Айтпай-ақ назы ұқтырған,
Ерін гүлдей бүршігін жарып тұрған.
Жеңгесінің жүрегі дүрсілдейді,
Қызды ертіп жігітке жолықтырған.
ІІІ
Әуенін айт жеткесін дегеніне,
Ақ қанатын ақ бұлтқа іледі де.
Аузын ашса ән ұшқан көмекейден,
Аржағынан көрінген көмейі де.
Зер шашақтың малынған реңіне,
Төгілетін түрі бар міне-міне.
Ән келеді аспаннан бұлт қайырып,
Сыйса жақсы жер-көктің көлеміне.
Бал жағылған сазына,
Өлеңіне,
Жұтқан сайын бір жұтқың келеді де!
Шыр айналып тұрғандай,
Ән қалықтап,
Биші қыздың оралып білегіне.
Әуенін айт бұл әннің ұйқы ұрлаған,
Төрт тағандап дүниені сыйқырлаған.
Жүрек дейтін тәйірі, жүрек пе екен?
Бір дөңбекшіп,
Орнынан бұлқымбаған!
ІV
Жансызға да жан бітіп,
Қарап қалып,
Ине-жіптей ән-өлең сабақталып.
Үнсіздікті кеткендей бұзып-жарып,
Ән барады аспанда қанат қағып.
Аппақ гүлдей жаңа ашқан бүрін жарып,
Бірте-бірте келеді шымырланып.
Тұңғиыққа тамыры терең тартқан,
Ән барады жүректі жұлып алып.


Бұрқылдаған құмандай шоқта тұрып,
Қосыласың әнге іштей жатқа біліп.
Таудан тіке құлаған сарқырама,
Ән барады көмейден ақтарылып.
Әншілікті маңдайға жазбағасын,
Көңіліңді тыңдаумен мәз қылысың.
Сұлулық-ай,
Осыша тәтті болып,
Бір мысқылдай сен неге аз боласың?!
V
Қадалар бір нүктеге көзің талмай,
Бір таңға тек «әу» деген созылғандай.
Жүйріктей құйындатқан екпіні бар,
Есілмес,
Ең әуелі озып алмай.
Бұл әннің «қылықты қыз» назы қандай,
Сөзі де оймақ ауыз,
Жазық маңдай.
Оюлы құрақ көрпе айналасы,
Көк көлдей кете алмаған қазы қонбай.
Бұл әннің «сырғалы қыз» сазы қандай,
Әуенмен қоса шыққан сөзі балдай.
Қыран да биігіне самғамайды,
Қанатын кеңге шығып жазып алмай.
Осылай жеткендігі өрлігі ме,
Бір әуен алас жақтан келді міне?!
Қаратау таңдай қағып жаңғырады,
Әуеннің қанат жайған кеңдігіне.

Жарқ етті көңіл - найзағай,
Есілген әнді тыңдаған.
Жарығы түскен айнадай,
Сәулесі жанды шырмаған.
Лап ете қалды от өріп,
Жануы бөлек басқадан.
Салмағын аспан көтеріп,
Шеңгелдеп жерге тастаған.
Ән ғой бұл тұрған жарқырап,
Ал, Күннің көзі – тостаған.
Аспаннан бұлтты тартып ап,
Жарқырап жетті асқақ ән!


Шашылған көктен ән деші,
Табылмай сөздің тұрғаны–ай.
...Дірілдеп суда сәулесі,
Үн тамып кеткен сырғадай.
VІІ
Көктен шығар,
Көк пен жерді көктесін.
Келген болар күткесін.
Шағаланың қанатына ілініп,
Тауып алдым,
Бір әуеннің нүктесін.
Жеткен шығар,
Жаңбырлатып төккесін.
Тіліп өтіп,
Қақыратып көк төсін.
Қасқалдақтың тұнып тұрды көзінде,
Ағып түсіп,
Жерге тамып кетпесін!





Пікір жазу