АЙНАЛЫПТЫ ТҮСІМДЕ...
Тірі пенде көрмейтұғын түс бар ма,
Бір-біріне жеткізбейтін ұшқанда.
Адам біткен айналыпты түсімде,
Өздеріне ұқсайтұғын құстарға.
Асқарға да айбын керек шығар деп,
Әу бастан-ақ әуедегі бір әулет.
Табатұғын тоятын да алыстан,
Қас батырлар қалықтайды қыран боп.
Шайпаулығы шарықтауға жеткесін,
Қаттасының қарайтатын текке есін.
Бір бетбақтар мұратына жетіпті,
Көп қиналмай көкек болып кеткесін.
Жұбайымен қағысуы сиректеп,
Қоразданып бойын өзі билеп бек.
Көп ішуге көл жарайтын шығар деп,
Жегіш кетті үй-ішімен үйрек боп.
Көлгір сөзін көрмеген бір жан тыңдап,
«Тас қой» дейтін таланттай алтынды ап.
Шау қарға боп – күйелі ауыз қараулар,
Туыстарын табалап жүр қарқылдап.
Еңбегіне кейін берер ел баға,
Көп жолдасқа ілесе алмай ең дана.
Өр кеуде ақын өзіңе ұқсас құс таппай,
Қара жерде қалып қапсың сен ғана.
Құсқа айналсаң сенен ешбір құс та өтпес,
Қарғаларға қауырсынын түстетпес.
Жер бетінде жоқ қой бірақ қанатты,
Әрі бұлбұл, әрі қыран іспеттес.