ӘКЕ МЕН БАЛА
М.Магомаевқа
Таусылады адамның айтарға әні...
Қайран әке, қашанда кең жүректі,
Қайтқысы кеп соғыстан қайта алмады,
Қайта алмады... Одан соң... көп жыл өтті.
Жылдар өтті тырнаша тізбектеліп,
Сапар шығып неше мың шақырымға.
Өз баласы Польшаға іздеп келіп,
Тапты әкесін, тапты ғой, ақырында.
Жолдастары – ерлігін тегіс көрген,
Айтарлықтай түрін де – «қарашы» – деп.
Әкесіне бас иді соғыста өлген,
Әкесінен жасы үлкен баласы кеп.
Әке есімін жалпақ ел қадірледі,
Жақындатқан жеңістің таңы атуын.
Аппақ еді гүлдер де қабірдегі,
Бинттей дәл жараны таңатұғын.
Жаңбыр төкті бұлтына қаратқан көк,
Тулар желден алауша лапылдады.
Топ-тобымен қабірге поляктар кеп,
Жауынгердің ұлына жақындады.
Бізге келген бір поляк басқа ерлермен,
Сөз бастады ақырын абайсызда:
«Әкеңіздің...жер шары қастерлеген,
Туған жерде жатуын қалайсыз ба?»
Жапырақтар судырлап жолсыздағы,
Жел де соқты бет-жүзге жаңбыр үрген.
«Әкем туған жерінде онсыздағы»
Деді ақырын баласы тарғыл үнмен.