ҮЙ БАҒЫ
Демімді сирек, қатты алам әрі,
Таза ауа мұнда, бақ қалың.
Қаракөз шықты қақпадан, әні,
Суармақ болып аттарын.
Шаруаға мұндай жұмсама мені,
Бұтаққа тағы соғылам.
Үйдегі бақтан біршама бері,
Шығып ап, тарттым соңынан.
Ат жалы ұйтқып қыдырған желге,
Көрінер емес басы да.
Шіріген ағаш жығылған жерде,
Жар жақта жеттім қасына.
Мүжілмес ақ жар киелі ме еді,
Әлі де болса сиқы ірі...
Тұяғын аттың сүйеді келіп,
Қызыл су болса ұйқылы...
«Шапақты кешкі мақтаған ерді,
Жақында, – дедім, – бір адым».
«Ат жайлап болсаң қақпадан бері,
Шығасың ба?» – деп те сұрадым.
Күлкі де дедім жарықтың бірі,
Ертісті де айтып, тоқтадым.
Естіліп тұрды балықтың ірі,
Қамысты суды соққаны.
Бала мысықтай бір қызық әлгі,
Шөптегі самал ойыны.
Көршімді баққа кіргізіп алдым,
Жап-жасыл, қою қойыны.
Июльдің жақсы-ау таң асырғаны,
Жапырақ естіп керім үн...
Құмдауыт көше арасындағы,
Бұлыңғыр енді еріді.
Ысыған бет-жүз саулығы нәрлі,
Бір-бірін қолдар тауыпты.
...Лақтырған жерде жаулығы қалды,
Сол жерде шөпте қалыпты.