05.06.2022
  135


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ХАТ

Үшкіл қанат шағалаша ай аунап,
Қалқып ұшып, құм көмкерген су түбі.
Қарайды да, бірте-бірте баяулап,
Көне күміс секілденді жылтылы.
Қайық кірді жайлап құйған суға әні,
Тыңдап үнсіз шілік сөйлеп біткенін.
Бітік қамыс биік өскен мұндағы,
Аулайды кеп ай өрмегі жіптерін.
Сәуле өрмегі кірпігіңе қонады,
Жүзің сенің ай нұрына шомылды.
Сен күлесің, көтеріп ап жоғары,
Жылтыр, жеңіл ескегі бар қолыңды.
Еске алғанда неге өртенді қайта ішім,
Не жоғалттым, өткенде не қалдырдым?..
Өзгерді ме ымырттағы ән айтысың,
Қаракөзді алыстағы жан құрбым.
Жақсы сөзбен құйшы менің жаныма,
(Сүйем таныс, өте баяу сол үнді).
Кешке таман кімге бердің тағы да,
Ойлы түрің және нәзік қолыңды?
 
Бірге өткізген сағаттарды мына ермен,
Тез ұмытқын, ол жөнінен қалыспа.
Білем сені, ай астында біреумен,
Түнде қайық кіргізеді қамысқа.
Шашыңа оның мейірімін тым тәтті,
Қосып өріп, өсіресің мерейін...
Қажет болса мен өзіңе, қымбаттым,
Бүгін өзім туралы айтып берейін.
Мен кездейсоқ көрсеткем жоқ төбемді,
Мына жаққа – жаңа өмірім бағалы...
Күрсінбеймін іштей ойлап мен енді,
Жастай туыс сонау жасыл жағаны.
Қайтпастай қып мені бұл жақ тұсады,
Қоштасудың айтқан әнін өртене –
Жадымдағы естеліктер ұшады,
Көктемдегі қаздай алыс өлкеге.
Түссе-дағы жүрекке ауыр жүк кілең,
Табылса да налытатын жау-дағы.
Көрмеймін деп өкінбеймін тіпті мен,
Тозған үй мен тұнжыраған ауланы.
Тар аулада жүрмекпін бе әлде мен,
Тар клетте көрінбейтін қиырдан?
Жаңа әлемде толастамас әнменен,
Сыңғырлап бір өту маған бұйырған...
Өтірік сөз дейсің бе тек дау ғана,
Соңғы соққы, көр осыдан жығылмай.
Тым көп екен өмірді де саудаға,
Айналдырсам дейтұғындар бірыңғай.
Одан-дағы қалғаным жөн тірі өліп,
Мен нұсқаумен жазу үшін тумағам.
Қаламаймын қайдағы бір Родов,
Не жазуды көрсеткенін бұл маған.
Әпенделер. Қандай ақын көнеді?
Ақын болса, жаралмаған жан боп тек.
 Тезистер мен анкеттер боп өлеңі,
Кім тезистер, анкеттермен әндетпек?!
Әпенделер. Ақынға ақыл бере ме?
Қаламы еркін жүгірсін дер көргенді ер.
Ішің пысқан жоқ па, жаным? Немене?
Біттім енді. Кеттім міне. Болды енді.
Дала – кеште көкшіл тартар өңір бір,
Көк бүлдірген секілді су бедері.
Шығыс қыздай көйлек киген көгілдір,
Уыс-уыс алтын теңге төгеді.
Сүйіктім де, көріп тұрмын оны анық,
(Оған деген ықыласым бар әлі).
Батқан күннің шапағына оранып,
Құмдауыт жар жаққа кетіп барады.
Қандай ғажап болар еді мұнан да,
Тұрып қалсаң қолыңды бір бұлғап ап:
Құм үстінде орнаған сұр тұманға,
Асау Ертіс ағысына бір қарап.





Пікір жазу