ШАШЫЛМАҒАН, АЯҚҚА БАСЫЛМАҒАН
Шашылмаған, аяққа басылмаған,
Қазынам бар кеудемде ашылмаған.
Сыйға тартып бір Алла сырлы сезім,
Сыйын тағы ешкімнен жасырмаған
Қазынам бар аяққа басылмаған.
Қол тиген жоқ әлі де қазынама,
Желпінтеді үміттің сазы ғана.
Ашар болсам жар салып қазынамды,
Үлестіріп шашуға, базынаға.
Қазынаға мен емес, халқым ие,
Халқым ие көбіне, азына да.
Халықтікі бәрі де менде бардың,
Халқым барда демеймін кенде қалдым.
Қазынамды ашатын кілтті таппай,
Кілт іздеп мен бүгін елге бардым,
Кіңдігімнен қан тамған жерге бардым.
Алтын кілтін бәрі де жасыра ма?
Кілті болмай қазынам ашыла ма?
Ашылмаса халқыма, шашыла ма?
Сыйға тартқан ғасырдың сыбағасы,
Жер астында жеті қат басыла ма?
Ашыла ма қазынам, ашыла ма?
Қазынамның кілті – тілім еді,
Бір кемістік тілімнен білінеді.
Бүйте берсе түбінде бүлінеді,
Ұшықтатып кеселін алайыншы,
Тіл бұлбұлы – қарт атам тірі ме еді?
Дақ түссе де көңілі, өміріне,
Дақ түсірмей тіліне жүріп еді.
Қазынамды ашуға кілтін берер,
Сақтап жүрген кілтімді пірім еді.