БОЗ ДАЛА, ҚҰЛЫНЫҢ ЕМ ТӨСІНДЕГІ
Боз дала, құлының ем төсіндегі,
Төсіңде туып едім көсілгелі.
Шідерім неге менің шешілмеді,
Үздіге үзіп кетсем, кешір мені.
Көзден жас, тұла бойдан тер моншақтап,
Желге тұр жал-құйрығым есілгелі.
Кетейін сағымыңа араласып,
Сүйеме, сүрінсем мен қара басып.
Айқайда ащы терім шықпаған соң,
Қайтейін арда кеудем барады ашып.
Алдағы бұрын кеткен қалың топтан,
Көз жазып қалар ме екем, ара қашық.
Шексіздік шыр айналып табанымда,
Аттасам айшылық жер аламын ба?
Жер тарпып, жалым сүзіп жұтынсам да,
Жүлдесіз жүйрігің боп қаламын ба?
Қай бұлбұл, қай дүлдүлің өтті армансыз,
Дүние-ай, кәусарыңа қанамын ба?
Жасасын тұлпар сенде тұлпарлығын,
Жасасын сұңқар сенде сұңқарлығын.
Шаң жұқпас шашасына жүйріктерге,
Халқым бар жоғалтпаған іңкәрлігін,
Жоғалтпай халқым жүрсе іңкәрлігін,
Менің де туар әлі шырқар күнім.