05.06.2022
161
КӨКЖЕНДЕТ
Көкжендет көк аспанды тілгілеген,
Аңыз бар салса алтайы ілді деген.
Қайырып қансонарда қалықтатқан,
Ақандай қайда шіркін бұлбұл өлең.
Көкжендет, болат топшы, мұзды балақ,
Сүрен сап шүйлігіпсің құзды қарап.
Пау-паулап жерде сері жем беріпті,
Әр алған алтайыңа жүзді балап.
Көкжендет, көп көрдім деп қызығыңды,
Қоштасып қимай Ақан жүзі мұңды.
Сыпырып еркіндікке жіберіпті,
Томаға топшы таймас жүзігіңді.
Көкжендет, тұғырың алтын маржан баулы,
Деп Ақан тербеткенде орман, тауды.
Иеңді іздеп сен де шарладың ба?
Алатау, Алтай, Арқа, Атырауды?
Аң қаңғып ақбас таудың құздарынан,
Егесіз мертіктің бе дүз тағынан.
Кеудеңді тасқа соғып өлдің бе әлде,
Кеудеңді боран желпіп, мұз қарыған.