05.06.2022
139
ӨЗІҢСІҢ АҚЫН
Өзіңсің ақын, түн бойы тұңғиық ойда жататын,
Бір шумақ сырлы жырменен қарсы алып
таңды ататын.
Сайраса құстар сан түрлі сыр түйіп тыңдар сен ғана,
Күй шертер күйшің – табиғат, мұңдасың,
досың – кең дала.
Құштарсың фәни өмірге, сезімің нәзік өзгеден,
Табиғат көркі, құс үні сыр шертер өзге сөзбенен.
Егіліп жаның сол сәтте, тірліктің қымбат сағатын,
Іздейсің – ұста қайда деп, мәңгілік етіп соғатын.
Ой басып жүзің сарғайып, назарың түспей басқаға,
Жүретін кезің көп сенің жылылық тілеп тасқа да.
Шыңырау сезім шымырлап, тізе бер
сөздің маржаның,
Осы бір ойлы сәтіңде арманы жатыр бар жанның.