05.06.2022
  403


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БАЛАЛАРЫМ, БАҚЫТЫМ

Саулығың керек сеңдердің, көген көздерім,
Бастағы бақыт, алдағы шаттық – өздерің.
Еңсемді басса қиналған кейбір кездерім,
Еңсемді менің көтеріп жүрген өздерің.
Оп-оңай өмір жеткізген кімді мұратқа,
Жер басқан жанның бәрі де бәрі сынақта.
Жетерсің, бәлкім, жетпессің, бәлкім мұратқа,
Жетуің үшін біреуді бірақ жылатпа.
Ақын да, мүмкін, боларсың бірің от-жалын,
Атағың биік, бақытың, бағың боп қалың.
Өзіңнің емес, өзгенің жамап жүрегін,
Өзіңнің емес, өзгенің іздер жоқтарын.
Елге де тұтқа боларсың бірің бағыңа,
Қорған да болып тұрарсың желді жағына.
Айтысып сонда алдыңа барсам біреумен,
Әкем деп бұрма, әділдік еткін ағына.
Жүрсең де шүкір қатарда бәрің қарайып,
Қатарда жүрген жандарда қандай бар айып.
Қызықты күні көп болар көппен біргенің,
Сырлас та мұндас жанашыр жақын болайын.
Ерте де шығар тілегім менен болжамым,
Бола ма болжап болашақ қандай жолдарың.
Басыңды ғазиз салса да тағдыр табанға,
Табанда бірақ жатпасын арың-ұжданың.
Болғандай басқа, сендер де болып толарсың,
Құзға да құлап, шыңға да шырқау қоңарсың.
Өртеніп, жанып, аптап та болып соғарсың,
Өмір ғой, өмір – суынып, сосын тоңарсың.
Қанағат керек жоққа да барға, қарағым,
Бірге алып ешкім тумаған керек-жарағын.
Табарсың іздеп табылмас құстың сүтін де,
Болса егер бойда таусылмас таудай талабың.
Қыздырма қызыл сөздерге еріп илана,
«Тапқын, деп, жоқты» орынсыз мені қинама,
Алдыңда асың, басыңда әлі үй жаңа,
Жетеді бәрі –
Жетсе егер бізге сый ғана.
Кезде де тіпті төсімді жерге тіреген,
Қарақан басқа қайырсыз байлық тілемен.
Елге де, жерге сүйкімсіз болып кетіпті,
Мақтаныш үшін алтын мен күміс күреген.
«Көбейіп кетті біздерге қояр тілегің», –
Демеңдер менің түлеп бір ұшар түлегім.
Жадырап жаным, жайнаса дала –
Пейілі менен нұры деп күннің білемін.
Мейірімді болсаң өсе де берер мерейің,
Мейірімді жанды саялы баққа теңеймін.
Көңіліме қуат, күніме суат болғанды,
Қалайша менің сайраным, саям демейін.
Аяныш деген аяулы сезім қалмаған,
Қаралы жерде көзінен жасы тамбаған.
Бетінде жердің әлі де әлі, барда адам,
Мейірім керек, мейірім керек, жан балам.





Пікір жазу