05.06.2022
  120


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӨМІР

Тәуекел атты тарланның,
Тұяғын тұқыл тағалап.
Таптырмас тарпаң арманның,
Қап тауын жүрмін аралап.
Қыранның үсіп қанаты,
Ұша алмас шынды шарладым.
Өзі жоқ, аңыз бар аты,
Мекенің қайда, арманым?
Шарап пен сұлу емессің,
Іздесем о да табылар.
Шарапқа кенде емеспін,
Ақынға ару табылар.
Алтын мен күміс емессің,
Бар жиһаз адам қолында.
Сен неткен сиқыр елессің,
Ертесің ессіз соңыңа.
Ұжмақтан безіп қатал хан,
Қайғыңа сенің көніпті.
Сауыты тозып сапардан,
Сені іздеп ерлер өліпті.
Кім қалай дейді, тегінде,
Таптырмай жүрген арманды.
Құштарлық шығар өмірге,
Ынтызар еткен бар жанды.





Пікір жазу