05.06.2022
  177


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТУҒАН ЖЕР

Шыр етіп кіндік қаным саған тамып,
Сен құндақтап алыпсың, анам талып.
О, туған жер, сонда мен ес жиғанмын,
Саф ауаңнан жұтынып, тағамданып.
Сенде алғаш бөленіп, құндақталғам,
Сенде тозып ит жейдем, жұрнақ қалған.
Сенде тартқан белтартпа қайран әжем,
Өз қолымен тігіліп сырмақталған.
Сенде өскен ақ қайың бесігінде,
Тербетіліп жуындым жеті түнде.
О, туған жер, теріп жеп ақ дәнінді
Кенеліпті ата-анам несібіңе.
Төрт тағандап ең алғаш бұлтыңдаған,
Барғанда іздеп, үйімнің жұртын табам.
Тәй-тәй басқан жерлерге тәжім етіп,
Ақ шаңына аунаймын бұрқылдаған.
Адам болдым демеймін өз бетіммен,
Әлі сенде сәбидей тербетілем.
Қамыққанда жұбанып, тарыққанда,
Қуат алам күн сүйген келбетіңнен.
Сағынғанда сағымдай жосыламын,
Құшағымда сай-сала шоқыларың.
Сенен жырақ жүрсем де, қиялыммен,
Қызылжардың қырында отырамын.
Сенде өскен жеміспін дарақтанып,
Сенен ұшқан қыранмын қанаттанып.
Піскен жеміс өзіңе төгіледі,
Саған қонам, шаршасам қанат талып.





Пікір жазу