* * *
Алапатын арқалап келем жырдың,
Ой өледі, өледі өрем бір күн.
Көрмейді енді өзгені көздерім бұл,
Естімейтін ешкімді, керең қылдың.
Əуенімді аңсаймын, баяғы əнді,
Жақсы көрем жанымды аяғанды.
Бір сұлудың күлкісі сенен аумай,
Арманыма алақан жая қалды.
Келбетінде бір жанның қиылар Күн,
Саған ұқсас жерлерін қиып алдым.
Ерні сенен аумай қап ерке қыздың,
Еріксізден сүйіп алдым.
Талайды өстіп талғамай сүйіп көрдім,
Сені іздедім, келмеді күйікте өлгім.
Саған ұқсас жерлерін құрадым да,
Суретіңді мың қыздан жиып бердім.
Үнім жарып үркітті құс іңірді,
Ұқсата алмай егілдім мүсініңді.
Жер бетінен таба алмай мұңланып ем,
Түнде маған Мəжнүннің түсі кірді.
Сақтай алмай бақытты шақтарымды,
Арманым кеп өлеңге ақтарылды.
Отқа жағам опасыз дүние деп,
Сағынышпен жазылған хаттарыңды.
Тілегім тек,
Періште айта барса,
Келісейін жанымды сайтан алса!
Өмір-əннің əдемі қайырмасы,
Шіркін, сен боп тағы бір қайталанса!