05.06.2022
  137


Автор: Алтыншапақ ХАУТАЙ

АНАМА СЫР

Ботаң болып бақытың, тілеуің де
Білем сенің гүлдедім жүрегіңде.
Сенен жырақ жасырын жыладым мен
Сені еске алдым бір шалқып күлерімде.
Ана, менің əлі күн есімде бұл
Бар мейірім жататын төсіңде бір.
Сыбаға еттің жап-жарық дүниені
Құлындарың тірліктің көшінде жүр.
Шағымыңды ұры – күн ұғынған ба?
Кеше қашқан көктемің бүгін бар ма?
Қаперімде бір қайғы қалмайтындай
Қанатыңның астына тығылғанда…
Тарпаң – тағдыр мойнына құрықты іліп
Қайғыны да қарсы алдың күліп тұрып.
Жүрексінбей жаңылыс жасадым мен
Сенің кешіреріңді біліп тұрып.
Сенің жастық келбетің көшіп маған
Құптамайсың кеткенін өсіп балаң.
Мен де сендей бір бұлдыр арманға еріп
Тіршіліктің теңізін кешіп барам…





Пікір жазу