05.06.2022
  263


Автор: Ерболат ҚУАТБЕК

БАЛАЛЫҚ ҒАЛАМШАРЫ

 


 


 


 


Көзіме бір көрінсең бала-ғашық


Мұқағали


 


 


 


Амансыңдар ма, балалар


Күн жылы шығар сендерде?


Бізде санасар сана бар,


(Соны осы біреу көрген бе?)


 


 


Мейірім толы мен білем,


Ғаламшарларында сендердің.


Жалғандай жалғыз белгімен,


Сол жақта бір кез өлгенмін.


 


 


Бұл жақта қайтып туылғам,


Сосын елесімді іздегем.


Ғаламшарларыңнан қуылған,


Қандастарыңбыз біз деген.


 


 


Қай нүктеде екенін топшылап,


Ұмтылдым талай бұзбаққа.


Сендерде де осы көп шығар,


Құмартатындар біз жаққа.


 


 


Тыңдандар, келер ақындар!


Тыңда, болашақ қылмыскер!


Бұл жақта жат қыз, жат ұл бар


Және қаптаған білгіштер.


 


 


Алапат осы мен көрген,


Табалар біреу алалар.


Тілдескім келед сендермен,


Қабылдандаршы, балалар.


 


 


Мына естігенім ән анық:


«Төрім – шыңырау, көрім – шың».


...Жоғалып кеткен балалық!


Көзіме бір сәт көрінші.


 


 


Көрін де мына мені көр,


Сенің болашақ бейнең бұл.


Көзден талай жас төгілер,


Солады сендік сүйген гүл.


 


 


Жанымның сыры тоналып,


Зарығып кеттім мүлдем, шын.


Балдан да тәтті балалық,


Сағынбай қалай жүргенсің?


 


 


Менен жауыздың несі кем?


Жандыра алмадым өшкенін.


Қарамай кетсең кешірем,


Танымай кетсем кешпегің.


 


 


Тым ұзап кеттім мен сенен,


Уақыт – қанішер, қатал-ақ.


Өмірді сағынышпен өлшеген,


Біздегі мынау – махаббат!


 


 


Асылық болар әнмін деу,


Ән деген – өмір... Көңіл ме?


Балалық шақта, бал күнде,


Уақыт болмайды, өлім де.


 


 


...Жағдайың қалай, әй бала,


Күтіп жүргенің мен шығар?


Мені енді босат, байлама


Құшақтап келіп, жаншып ал.


 


 


P.S. Кеудеде қалған нала бар,


Маған бұйырған өкім ең.


Мұнтаздай таза балалар,


Есеймеңдерші, өтінем!


 


27.11.2016 





Пікір жазу