05.06.2022
  115


Автор: Ерболат ҚУАТБЕК

ЖАЗУ

 


 


 


 


Әлем мүлгіп кеткен күні,


Ақын қалды ұйқыдан.


Пенде салып өктемдігін,


Айырылды сыйқынан.


 


 


О, адамның тамызығы


Тұнық деген теңіз бар.


Мен қазақтың аңыз ұлы,


Болуыма негіз бар.


 


 


Жетіп жатыр үнсіздігім,


Күнін құртар күнсіздің!


Құнды деген – «құнсыз» бүгін,


Демек менде «құнсызбын».


 


 


Керуақыттай керауызбын,


Кердең емес бірақта.


Ауадан кеп жел ағыздым,


Мықты болсаң құлап қал.


 


 


Сүрінбе тек кермаралым,


Алдымнан өт, керіліп.


Жұлдыздардан белгі алармын,


Жылап тұрып, егіліп.


 


 


Жанарыммен аттандырам,


Таңымды ақтық сапарға!


Түскен кезде Хақтан құран,


Барлық ақын хат алған.


 


 


Хатқа айналды өзі-дағы,


Оқи алмады жұрт бірақ.


Табиғатты сезіп, анық


Басына алды бұлт құрап.


 


 


Бірі көшті күншығысқа,


Бірі көшті түстікке.


Амалсыздан сүлгіні ұстап,


Көлге қарғып түстік пе?


 


 


Содан бері мөлдірліктің,


Таңдайымда қос дәмі.


Қарсы келіп шөл тірлік күн,


Содан кейін қоспады.


 


 


Сондықтанда сағыныштың,


Тұтқынына айналдық.


Сарқып алып, қағып іштім,


Күрең тартқан қайран құт.


 


 


Сөгілетін бөзге айналды,


Ел мақтаған өлеңім.


Төгілетін сөзге айналды,


Ел даттаған өлеңім.


 


 


Солай жаным, солай болған


Түзден шыққан қарсылық!


Буындырып, талайды арман


Тамырға ұқсас әр сынық.


 


 


Өңім – сынық, түсім – суық,


Ал ойымда түс жайы.


Бар жасаған ісім бүлік,


Болсашы бір күшті айып.


 


 


Түсіме еніп, шақырдың сен,


Марқұм болған Айданам!


Езуіңнен ақын күлсе,


Жасамайды байбалам.


 


 


Өзіңменен аттас қызды,


Бейуақта сүйіп қап.


Зираттағы көктас бізді,


Қамайды ойға тұйықтап.


 


 


Солай жаным, солай болған


Түзден шыққан қарсылық!


Буындырып, талайды арман


Тамырға ұқсас әр сынық.


 


 


О, адамның тамызығы


Тұнық деген теңіз бар.


Мен қазақтың аңыз ұлы,


Болуыма негіз бар.


 


 


Басылмайды өктемдігі,


Түссіз бетін бояп ап.


Ақын мүлгіп кеткен күні,


Әлем шошып оянад.


 


16.07.2013.  





Пікір жазу