БҰЛ ЖЕРДЕ...
Бұл жерде, дәл осы нүктеде,
Оқиға болды ма күтпеген?
Бір адам мерт болып, бір адам
Мойнына күнәсін жүктеген.
Бұл жерде, дәл осы нүктеде,
Ғажайып болды ма, күтпеген?
Жігіттің жүрегі «сүйем» деп,
Арудың көздері «құп» деген.
Бұл жерде, дәл осы нүктеде,
Дау-дамай болды ма күтпеген?
Төбе би тоқтатып сөзбенен,
Ғақылия айтты ма «Ұлт» деген.
Бұл жерде, дәл осы нүктеде,
Сатқындық болды ма күтпеген?
Ақиқат ауылы алыстап,
Қулық пен қорлыққа жіктеген.
Бұл жерге, дәл осы нүктеге,
Дамыл тапты ма екен Нұқ-кеме?
Бозторғай ұшпаған заманда,
Алапат болды ғой күтпеген.
Бұл жерге дәл осы нүктеге,
Қарғыс жаудыра ма күтпеген?
Әлде алғыс айтар ма бәрі кеп?
Аяулы еді ғой жұрт деген.
Бұл жерде дәл осы нүктеде,
Арманға жетті ме, діттеген?
Мен білем: шаттықтан тұншығып,
Ол адам көз жасын сүртпеген.
Бұл жерде дәл осы нүктеде,
Бір хабар алды ма күтпеген?
Кенет Күн қаралы күйге еніп,
Адамның қайғысын ұқты екен.
Бұл жерге дәл осы нүктеге,
Қалайша ешкім көз тікпеген?
Құдірет, жоқ әлде мұң ба еді,
Бір өлең төгілді.
Күтпеп ем.
01.08.2014.