05.06.2022
  251


Автор: Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ

БƏРІ ЖАҚСЫ

Жанымды егер ұғар болса бір адам,
Ол – сен дегем. Сені де Өмір сынаған.
Бізде екі Тағдыр еді, сол күні,
Мен Анаңның қазасына жылағам.
Екі аққу ек, бірақ бізде бір айдын,
Енді саған болар екен Шырай кім?!
«Сенсіз өмір сүрем» дедің,
Мен болсам –
Сенің жалғыз қалғаныңа мұңайдым.
Сен жаныңа мөп-мөлдір мұң жиған күн –
Мен жаныма мөлдір Сезім сыйға алдым.
Бағың үшін күресе алмап едің сен,
Сенің жаның жылады-ау деп қиналдым.
Махаббатта тындырды екен ұлы іс кім?
Сен не істедің?
Мен Өлеңмен мұң іштім.
Иə, иə, мұң боп келдің мен үшін,
Мен Бақыт боп барайын деп тырыстым.
 Жауап біреу, менде бірақ сұрақ мың,
Білесің ғой, мен Өлеңге тұрақпын.
Өлең өрген Ақын ғой деп сүйдің сен,
Ал мен сені Азамат деп ұнаттым.
Ықыласы мол болса да халықтың,
Жылу күткен. Сен салқындық таныттың.
Арманыммен ойын ойнап жүріпсің,
Ал мен оны МАХАББАТ деп қалыппын.
... Бəрі жақсы!





Пікір жазу