05.06.2022
  114


Автор: Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ

Алматыдағы екінші жыр

 


Алматының көшелері тым суық,


Менің жаным өртке оранып барады.


Мына сұрқай Тіршіліктің қым-қуыт,


Мені уатар қалмағандай амалы.


 


Оңашада өксіп алсын деді ме,


Кенет Аспан сығып алды көз жасын.


Менің жаным Өлең болып егіле,


Өмір болып а-а-а-л, бір келіп боздасын.


 


Алматының баққаны – өсек, айтқаны – ән.


Сескенді ме, күрт өзгерді Аспаны.


Ал Алматы Алматы боп қайтадан,


Сабылысқан тіршілігін бастады.


 


Бұл Алматы көргеніне сенетін,


Көрінгенге ойыншық боп сыналар.


Алматы-Қыз бір қолында темекі,


Алматы-Ұлдың бір қолында сыра бар.


 


Бұл қалада ардақтайды кім сені?!


Атыраудан әкелгенмен жол күліп.


Алматының көзіндегі қайғысы,


Көзіме кеп көшіп алды сол күні.





Пікір жазу