05.06.2022
  128


Автор: Ақерке Асан

ПЕНЕЛОПА


Баллада
Ертеде, бағзы дəуірде,
Ой салған мүмін, кəуірге.
Бір мұңлық ғұмыр кешіпті,
Зар болып жарық көруге.
Сыр тартсам көне кездерден,
Көрмедім пиғыл өзгерген.
Гомердей ғаріп міскінге,
Көз бермей, Алла сөз берген!
Ақындық болып мұраты,
Бермеген тыншу жыр оты,
Көзінде емес Гомердің
Жүректе болған қуаты!
Білдірмей жанға кемдігін,
Не көрмес ақын кемді күн,
Өлеңмен айтып кеткен ол,
Табиғат тепе-теңдігін!
Тұңғиық ойға қамалып,
Жүдесе кейде жан арып,
 Гомердің сөзі сияқты
Ньютон ашқан жаңалық!
Одиссей – алыс сапарда,
Оралмай туған шаһарға,
Зарығып күткен сұлуы
Өретін кілем жатарда.
Сарғайып сан жыл гүл өңі,
Таласып таңмен тілегі,
Махаббат жəне ғадауат –
Сыр тұнған ғажап кілемі.
Пенелопа сұлу егілген,
Жүректің жасы төгілген.
Майшаммен өрген гүл десте
Нұрымен күннің сөгілген.
Қол созған сұлу арманға,
Күтуден төзім талған ба?!
Қаншама үміт үзілген,
Опасыз мынау жалғанда!
Аңыз боп ару сан қыры,
Гомердің жеткен əн-жыры.
Көңілге үлкен ой салар,
Пенелопалар тағдыры.
 Кез қылса тағдыр бөгетін,
Ару көп жасын төгетін.
Пенелопаға ұқсас тағдыр көп,
Кілем жоқ өріп, сөгетін...
Ойымды, құрбым, сөкпеңіз,
Жырымды оқып, көктеңіз!
Пенелопаның көз жасы –
Одиссей кешкен көк теңіз...





Пікір жазу