05.06.2022
207
ЖҰЛДЫЗ
Ай жылаған аспанда Күн күледі,
Суық қаным сүйеді сүмбілені.
Дордойдың базарындай дүниеде,
Адасып қалғанымды кім біледі?
Ал өмірім басқаша өрілмейді,
Бөрі де босқа ұядан бөлінбейді,
Қарақшының жетеуі аспанда жүр,
Сегізінші жерде жүр... көрінбейді.
Аспан елі, сен кімді бақытты еттің?
Таң, сен неге еп-ерте атып кеттің?
Шолпанның шолпысындай сыңғырлаған,
Өзендерге келеді батып кеткім.
Төбелерді жан едім төсек қылған,
Əр тиынын мына жұрт есеп қылған.
Оңашалау тұрып ап тас төбемде,
Сен неге мұңаясың, Есекқырған?..
Көмер мені қиялдың ұшанына,
Өздері ұрындырып пышағына.
Мына дүние түскенде төңкеріліп,
Құлап кетсем аспанның құшағына...