04.06.2022
  139


Автор: Төлеубай Ермекбаев

СӘКЕН АҒА

Ән арнадың еліңе, жыр арнадың,
Сен сияқты сүйсінбес қыранға кім?
Құтылып ең атаман Анненковтан,
НКВД торынан шыға алмадың.
Адамзатттың сұлуы ең алабөтен,
Тұлпарға да, сұңқарға балап өтем.
Жезкиіктей көзіңді жәудіретіп,
Қалай сені түрмеге қамады екен?
Жемің болса, тауық боп жағалар да,
Жалт беретін залымға шара бар ма?
Тергеушіге орындық лақтырыпсың,
Шыдай алмай тағылған жалаларға.
Асыл туған атадан тектім едің,
Жығып салып түрмеде тепкіледі.
Өзегіңді өртеген өкініштің,
Кең кеудеңді күйдірді-ау кекті лебі.
Тау ішінде жүруші ең өлеңдетіп,
Ақбоз атың құлағын елеңдетіп.
Тас камера ішінде талықсыдың,
Дәрмен қалмай соққыдан денеңде түк.
Тайбурылдай, жан аға, тарпаң едің,
Қазағыңның өзіндей дарқан едің.
Кербез сұлу Көкшеңді сағындың-ау,
Сағындың-ау түрмеде Арқа белін.
Тар жол, тайғақ кешуден өтіп едің,
Сыр сандық пен жыр сандық – көкірегің.
Өз қолыңмен орнатқан қызыл билік,
Өлтірді ғой, жан аға! Өкінемін!
Адамзаттың төресі Сәкен едің,
Жүрегімде атыңды мәпеледім.
Қалай сені атты екен қолы барып,
Қалай сені жұтты екен қатал өлім?
Таза еді ғой жүрегің, тілегің де,
Аққу ұлын қиды екен кім өлімге?
Елің барда өлмейсің, Сәкен аға,
Қазағыңның жасайсың жүрегінде!





Пікір жазу