ӘЙНЕКЕ БАЙ
Ардақты атам
Әйнеке Ақшалұлының рухына
Самал желі көңілді құрайтады,
Туған жерде болсам-ау бір ай тағы.
Тасы түгіл, Ақтаудың қурайы да,
Әйнеке бай туралы сыр айтады.
Сыр айтады туған жер обалары,
Атасу мен Манақа қоғалары.
Заманыңда қымызды үріп ішіп,
Жылқы айдапсың үйірлеп көк алалы.
Сары қымыз жыл бойы сабасы ұдай,
Сайдалыға құт болған сабазым-ай!
Мендей де ердің арманы бола ма екен,
Өзі кедей болғанмен бабасы бай.
Бай болыпсың еліңе несібелі,
Әйнеке бай аяулы есім еді.
Бас сауғалап қалыпты-ау қайран елі,
Жатқан кезде қансырап есіл ері.
Арсыз ажал, осындай сұрқай ма едің?
Інге кірген тышқандай жұрт-ай дедім.
Әйнекеге мың жарым жылқы бітсе,
Бір бие мен еншімде бір тай менің.
Азайды ғой сұрайтын кісің бата,
Кешіре гөр болса егер ісім қата.
Ақ сақалың желбіреп, қолың жайып,
Бата беріп жүресің түсімде, ата!
Сыр айтады Арқаның самал желі,
Әйнеке боп жеткендей маған лебі.
«Қатарымнан қалдым деп қамықтың-ау,
Атқа сен де мінесің, балам!» деді.
Әйнекенің аяны құр кетпейді,
Бәйшешегім менің де бір көктейді.
Олжасына малымен олжа салған,
Әйнекесін ұрпағы құрметтейді.
Сыр айтады сіз жайлы бейіт маған,
Көк тас қоймағаныма кейіп те алам.
Жырға қосқан атыңды шөбереңді,
Аруағыңмен жебей бер, шейіт бабам!