БҰҒЫЛЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ
Болмайды ақын жүрек жыры мұңды,
Туған жер, тыңда бүгін бір ұлыңды.
Атамыз Иманжүсіп әнге қосқан,
Жырлаймын Тағылым мен Бұғылымды.
Жанымның тебірентіп тәтті арнасын,
Жүректен жыр бұлағын ақтартасың.
Бейне бір қазағымның шежіресі,
Қына мен қызыл мүкті жақпар тасың.
Жусаны бұрқыраған байтағым бұл,
Көркіңмен көңілімде шайқадың нұр.
Осынау абат бақты сен де жырлап,
Менімен бақ сынасып байқа, бұлбұл!
Құмарта тау қойнауын араладым,
Кеудемді кернеп жұпар барады ағын.
Қалайша тауып қойған атыңды да,
Бұғылы-Тағылы деп бабаларым?!
Көркіңе көрген сайын мың арбалып,
Қараймын қайта-қайта құмарланып.
Жарқырап ағып жатыр баурайыңда,
Шерубай-Нұра өзені сылаң қағып.
Ақсу мен Аюлының нұр алқасын,
Көргенше қайта айналып құмартасың.
Ел неге Шет ауданы деп атайды,
Шет емес, Сарыарқаның бір ортасын?
Аз емес перзенттерің мақтанатын,
Бұл өлке ұл-қызына бақ болатын.
Осында туған жерін жырлап өткен,
От ауыз, орақ тілді Қақпан ақын.
Көгіңде қалықтайды қыран құсың,
Жауыңа мойындаттың Тұран күшін.
Бұғылы-Тағылым-ау, енді бүгін,
Қабыл ал ұрпағыңның мың алғысын.
Көргенше алып біткен сабырымды,
Сүйемін Бұғылымды, Тағылымды!
Баламның баласына айтып кетем,
Туған жер, сенің ғажап қадіріңді...