04.06.2022
  140


Автор: Төлеубай Ермекбаев

АТАСУЫМ – АУЫЛЫМ!

Жазиралы Жаңаарқа жазығында,
Қайта айналып оралар қазығым бар.
Атасуым – ауылым алтын бесік,
Туған жердей не жетер әз ұғымға?
Құшағыма толтырдың гүлдеріңді,
Сағындым сол балалық күндерімді.
Қалай ғана есімнен шығарайын,
Асық атып, тай мініп жүргенімді?
Қызықтағам осында дала таңын,
Ұстағанмын алғаш қыз алақанын.
Жастығымның іздері сайрап жатыр,
Жағасында Сарысу, Манақаның.
Жүрегіме толтырған жыр ағынын,
Есімде сол бал дәурен бұла күнім.
Дертке шипа ауасы Атасудың,
Суы бал ғой Мәмбеттің бұлағының.
Іздеуменен аттанған басты арманын,
Перзентінің сабырмен тосқан жолын.
Көзге таныс, көңілге ыстық таулар,
Керегетас, Бәйешекең, Қостанқолым!
Бап шабатын, немесе бақ шабатын,
Аламанға қосылған жас қанатың.
Мен мәреден келгенде масайрады,
Аралтөбем, Қазан тау, Ақшағатым.
Тауларым бар басынан бұлт аунаған,
Оттан ыстық мен үшін бұл тау маған.
Шөбін артып жан әкем келуші еді,
Алты қырдың артынан – Мыңқауғадан!
Бұлағынан су алған асыл анам,
Мәмбетбұлақ, бір елді асыраған!
Топырағынан айналдым туған жердің,
Тауы түгіл, ыстық қой тасы маған.
Ағаларым бәйгеге қосып атын,
Әсем әнге жеңгелер қосылатын.
Жусан иісі аңқыған жазығыңда,
Ала жаздай киіктер жосылатын.
Алтын ұям, аяулы Атасуым,
Сені ұмытып мүмкін бе шатасуым?
Келешекке керуен көш түзедік,
Арқасында аталар батасының.
Мұңаямын ауылды сағынам да,
Неге жүрмін ауылға тағы бармай?
Қорымдағы әкемнің ақ зираты,
Мен үшін бір киелі Қағбамдай.
Қай биікте перзентің жүрсін мейлі,
Атасу деп жүрегі дүрсілдейді.
Ешбір адам өзіңді жер бетінде,
Мен сияқты сағынып күрсінбейді.
Көз алдымда көрікті келбетің де,
Тартып кеткім келеді елге күнде.
Атасуым, сүймейді мен сияқты,
Ешбір адам өзіңді жер бетінде.
Атасуым – ардақты атамекен,
Ардақтаумен атыңды атап өтем.
Алты айналып шықсам да жердің бетін,
Атамекен бағалы, баталы екен.
Атамекен жүрекке от береді,
Атамекен – жанымның көк терегі.
Аталардың Атасу жолын берсе,
Бұдан артық бақыттың жоқ керегі.
Толғанып бір жүректен жыр бастадым,
Туған жердің сүйемін нұрлы аспанын.
Атасуым, өзіңе арналады,
Ақ жүректен ақтарған жыр-дастаным.
Сылдыр қағып туған жер бұлақтары,
Құлпырады көз тартып қыраттары.
Атасуым мен үшін – Жерұйығы,
Атасуым мен үшін – жұмақ бағы.
Барам тағы Қазан тау етегіне,
Қайран туған жеріме жетеді не?
Жырдан күмбез көтердім мен осылай,
Атасудай мәңгілік мекеніме.
Жазиралы Жаңаарқа жазығында,
Қайта айналып оралар қазығым бар.
Атасуым – ауылым алтын бесік,
Туған жердей не жетер әз ұғымға?





Пікір жазу