04.06.2022
116
Төрт жағың бірдей жау болса...
Төрт жағың бірдей жау болса,
Ел іші толған дау болса,
Басыңды қалай қосарсың.
Дұшпанның көзін жоймасаң,
Орнына бəрін қоймасаң,
Олжаны қайдан тосарсың.
Ашпысың, яки тоқпысың,
Мық шеге құрлы жоқпысың,
Мықты емес, онда осалсың.
Кеудеде тұрса намысың,
Алыспақ болсаң ар үшін,
Баспайтын жерді басарсың.
Жүрекке сенім түнесе,
Күшің де басым он есе,
Асудан талай асарсың.
Қараңғы түнде адассаң,
Жақсыға жақын жанассаң,
Жаманнан безіп қашарсың.
Жолдасың жолда қалдырса,
Аңдыған жауға алдырса,
Сонда бір қатты сасарсың.
Осыған көзің жетпесе,
Досыңа сөзің өтпесе,
Айтпай-ақ түсін, нашарсың...