КӨШЕДЕ
Жаңа жыл қарсаңы.
Өшсе де жол шамы,
Төбемнен төнеді жап-жарық əріптер,
Əріде Халықбанк,
Беріде Темірбанк,
Қаржыны судай қып сапырған банктер.
Аяз бен ызғарды мақтаған,
Көшеде шал-шауқан қаптаған.
Əдет пе қалған бұл бұрыннан?!
Аяқтың астында сықырлар қар да жоқ,
Түп-түгел сырылған.
Бойсұнып жат жұрттың салтына,
Адам көп бой жазып, қыдырған,
Өнерлі, білімді халқына
Ұстаз тұр көз тастап тұғырдан.
Əн-күймен мерейі өсердей,
Тайраңдап билеп жүр жас кілең,
Мешіттің жанында мешелдей
Мелшиіп тұр, əне, маскүнем.
Бір топ жан дастархан төселмей,
Тілегін айтып тұр нөсердей,
Бұл-дағы атадан қалған бір ас білем.
Алайда, болса алсаң сөзге нық,
Айтпасаң, өзіңе сын екен.
Жамбасты қонаққа ұсынып,
Кезбеге бас тартқан кім екен?
Ғасырдың басында қошақан жыл келді,
Бақ болсын енді деп тілеймін
Қой жылы құт пенен берекем.
Қақаған суығы болса да,
Жаныма етене ұлы Отан,
Жаңалық қаншама,
Жақсылық əкелсін жадырап жаңа таң.
Қойлардың үстіне бозторғай ұя сап,
Ұядан түлесін балапан.