ЖЕҢЕШЕ
Анасынан қыз болып туды демесе,
Осы бір үйдің əйелі де өзі, еркегі.
Белінді буып жүрмісің əлі, жеңеше,
Қайтадан, міне, алдыңа келді теңтегің.
Даласы-сынды ақпейіл оның жүрегі,
Əзілімен-ақ жатқандай мені шегелеп.
Малдас құрып отыра алмасам, күледі,
«Тікбақай болып жаман үйренген неме!» – деп.
Өзгеріп кеткен екен ғой тіпті, əй, мынау,
Жүк тартқан аттың сирағына ұқсап балағың.
Жерге қаратып жүрмесең болды, қайным-ау,
Шаштарын қиған қыздарын əкеп қаланың.
«Ат ізін салмай кетесің, қатты сағынсақ,
Көреміз қашан, – дейді ол күліп, – тойыңды?»
Дастархан үсті сап-сары жұмсақ бауырсақ,
Кілегей қаймақ, кұрт пенен жент те қойылды.
Əлдебір ойлар мазамды, бірақ, кетірді,
Қай жерде қалған келіншек күнгі наз-үнің?
Даланы тілген жыра мен сайлар секілді
Маңдайыңдағы қат-қабат, қатпар əжімің.
Əсері ме əлде жарыңды жұтқан соғыстың,
Мұншама ерте қартайып кеттің неге сен?
Əңгіме шертіп шайды да өте көп іштім,
Тағы да құйшы, о, менің алтын жеңешем.