ДАУЫСТЫ ЖӘНЕ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАР
Дыбыс жайлы осы күні сыбыс көп,
Дауыссыздың көбісінде ырыс көп.
Дауыстылар жүрген жерден, алайда,
Құрыс-тырыс шығып жатыр ұрыс боп.
Дауыстылар дауыстарын тауысқан,
Кейбірінің ақыл-есі ауысқан.
Бүркіт десек шаңқылдаған алыстан,
Қар үстінде жорғалайды сауысқан.
Өр дауысын арыстанның ақырған,
Зор дауысын есектердің бақырған
Ести-ести жауыр болып құлағы,
Дауыстары жіңішкелер аҺ ұрған.
Кейбір дыбыс – кеткен дауыс қаңғырып,
Кейбір дыбыс – жеткен талып жаңғырық.
Дыбыс мəнін түсінетін ұлылар
Əрбір сөзді айта алады əн қылып.
Дыбыс шықса жердің астын қақ жарып,
Көрдің іші болып кеткен жап-жарық.
Дауыссыздар дауыстарын зорайтқан,
Аяқ асты жолы болып, бақ жанып.
Бұл ғажапқа барлығымыз қалдық таң,
Аз емес қой дыбыстар да шалдыққан.
Дауыстылар тамақтары қарлыққан
Тіл қата алмай тұрып қалған сондықтан.
«Дауыс берем!» – дейді біреу əлі де,
Сол дауыстың осы арада мəні не?!
Дауыстылық – қиналғанның кəрі ме,
Дауыссыздық – əлде көптің сəні ме ?!
Дауыссызға дауа жоқ қой десек те,
Дауыстылар алыныпты есепке.
Содан кейін төрге шығып тексіздер,
Арғымақтар қосақталған есекке.
Дауыс жайлы болса-дағы дау қанша,
Тыңдау керек құлақ құрышың қанғанша.
Əрбір дыбыс түбі орынын табады,
Арқа сүйер ана тілім сау болса.