04.06.2022
  150


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Заманды ақша биледі...

Заманды ақша биледі,
Дегбірі қашты достың да.
Жиналған байлық үйдегі
Қоқыстың қалды астында.
Асыл зат болып көз құртың,
Ақшалы текті саналар,
Кер заман туды өз жұртың
Киімге қарап бағалар.
Құрылса əр күн есепке,
Еселеп табыс өсе ме?!
Кей кезде тіпті төсекте
Шешіліп жатты мəселе.
Тұрсаңыз байқап, бірақ, сіз,
Туып та жатыр сансыз дау,
Əйелдің көбі тұрақсыз,
Еркектің көбі арсыздау.
Əкеге біреу жақтасып,
Шешесі тартса төркінге,
Бұзылды қанша от басы,
Ұмытып берген сертін де.
Дəуренін кешіп пақырдың,
Мақсатқа қойған жете алмай,
Бетімді басып отырмын,
Ешқайда қашып кете алмай.





Пікір жазу