04.06.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БАЛЫҚҚА БАРҒАНДА

Табандар мен сазандарды сап отқа,
Шыжғырып та жатыр біреу табаққа.
Дəмем бар-ды алабұға, шортаннан,
Бұйырмады тіпті титтей шабақ та.
Жоғалмаған жүзімдегі күлкі ұдай,
Қайта келмес балалықтың бір күні-ай.
Аңдып жүріп аулаушы едік тұзақпен
Қылағай мен шорағайды, шіркін-ай!
Бірер сағат өткеннен соң тіл қатып,
Деді досым: «Балық жоқ қой мұнда түк»,
Дəл осы сəт өзен беті жыбырлап,
Су астына кетті қалтқым шым батып.
Терең еді балдыр басқан сол ара,
Балықшының жолы кейде болады, ə?!
Кұрығымды жұлқи тартып жоғары ,
Олжамды əкеп топ еткіздім жағаға.
Қармағыма келіп едім жүгіріп,
Бір итбалық қалыпты оған ілініп.
«Ақ шабаққа ұқсай ма?», – деп қарқылдап,
Серігім де қалды мені бір іліп.
Өмірде де игі мақсат көздейсің,
Қиянатқа еш уақытта төзбейсің.
Салған жемге көбінесе, алайда,
Не нəрсенің тап боларын сезбейсің...





Пікір жазу