04.06.2022
  136


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚЫС КҮНІНДЕ

Ақша қар жауып кетті жапалақтап,
Балалар жүр қолдарын шапалақтап.
Мұз қатып қабағына, түксиеді
Көк терек киіп алып шапан əппақ.
Бұтағын сілкіп қойып, елеңдейді,
Қыспен де тайталасып көрем дейді.
Тамырын қара топырақ жылытқанда,
Даланың суықтығы еленбейді.
Ызғарын сыйға тартып ақымақ күз,
Тиген бе табанына топырақ сыз?
Əйтеуір, тағдырына мойынсұнып,
Сидиып тұрды біраз жапырақсыз.
Ойларын ішке түйген ірке ме деп,
Кəрлі қыс тереземді түрте ме кеп?!
Қымтанып ақ көрпесін алды дала,
Сиықсыз көріністі бүркемелеп.





Пікір жазу