04.06.2022
104
КҮЗДІҢ БІР КҮНІ
Кетіпті жүзі қуарып,
Сырқатқа дала шалдығып.
Қабығына ұксап жуаның
Жатыр ма жер де жаңғырып.
Түнеріп кеткен кəрі аспан,
Жанары терең , тұңғиық.
Жаздағы көркем ағаштар
Киімсіз қапты сидиып.
Көңілім кенет тоқырап,
Көзімнің алды дөңгелеп.
Қалтылдап тұрған жапырақ
Жалп ете қалды жерге кеп.
Қозғалмай жатты жолымда,
Қимай ма туған мекенін.
Иіліп барып қолыма
Алдым мен оны көтеріп.
Таң да атты, жердің үстімен
Күн шықты қызыл ту ұстап.
Сары ауруымды қыстым мен
Алақаныма уыстап.
Жабыққан жаным тулақтай
Көнтері болып қалды ма?
Жапырақ мүлдем тіл қатпай
Шашылып кетті алдыма.
Көңілдің көлін шайқаған
Қылықты сен де кешіргін.
Шиыршық атып қайтадан
Тарамыс болып есілдім.
Көңілсіз сəті өмірдің,
Қолайсыз күні күзімнің,
Бір жайсыз кезі көңілдің
Моншақ боп көзден үзілдің.