04.06.2022
89
НӨСЕРДЕН КЕЙІН
Тымық күнгі шалқар көлдей тыныш бақ,
Тыныштықта алсам деп ем жыр ұстап.
Əдемі ойлар айна-көлде асыр сап,
Қармағыма ілінбеді жылыстап.
Табиғаттың тосын келген сыйы – бұлт,
Тас төбеге келіп қалды түйіліп.
Бақ ішінде болар-болмас жел тұрып,
Тал-шыбықтар сəлемдесті иіліп.
Қас қағымда мөлдір суға малшынып,
Бір сілкініп алды барлық тал-шыбық.
Жапырақтар шаң-тозаңнан аршылып,
Бой көтерді жатқан шалғын жаншылып.
Кеудесіне таңғажайып сыр тұнып,
Қайың-терек күнге қарай ұмтылып.
Өлең жазған менің көңіл күйімдей,
Төңірегім шыға келді құлпырып.