04.06.2022
  103


Автор: Ақылбек Шаяхмет

НӨСЕРГЕ ДЕЙІН

Нөсер, сені сағынамын, сағынам,
Дауыл қайда дала шаңын сілкілер?
Құйып өтсең, жүрегімнің бағынан
Бұлбұл сайрап, жер менен көк бір түлер.
Жойқын нөсер қалсын елдің есінде,
Жаным жайнап, алсын көңіл тоят шын.
Күн күркірі байтақ дала төсінде
Ұйқылы-ояу жүргендерді оятсын.
Бұлттар, бұлттар!
Көктің нұрын төгіңдер,
Нөсерден соң мейірленіп күн шықсын.
Жүректерде көктеп ізгі сезімдер,
Пасық қылық арам шөптей тұншықсын.
Жастық шақпен туыс болған бұл дарын
Тың далада найзағайын ойнатсын.
Екі жүзді семсер сынды жырларым
Екіжүзді пенделерді жайратсын.
Қырқа-белде қызғалдақтар құлпырып,
Ағаштарға қалыпты ғой бүр шығып.
Гүл секілді Күн көзіне ұмтылып,
Нөсер, сені сағынады тіршілік.





Пікір жазу