ЖАЛҒЫЗ БОП ЖҮРСЕҢ...
Қар жауған күні далада,
Көктайғақ болды қалада.
Тайғанап барып, сүрініп,
Жатқанда мұзда жығылып
Қол ұшын бердің, жан-аға.
Алыста қалып ауылым,
Даланың көрдім «дауылын».
Жүргенде жатпен тебісіп,
Жүгімді менің бөлісіп,
Шығардың белге, бауырым.
Ізгі іні, қамқор қарындас
Болғанда қонақ арылмас.
Анамдай болса жеңгеміз,
Əкемдей болса жездеміз,
Қосылар сонда жарым жас.
Бөле мен жиен, нағашың,
Білмей ме туыс бағасын.
Өкпе-наз айтсаң, кұп алар,
Мың жылдық сыйлы құдалар
Болғаны қандай жарасым?!
Көбейіп жатса дос-бауыр,
Төгеді екен ғой тас та нұр.
Дұшпанның күңкіл-өсегі,
Тасадан атқан кесегі
Болмайды екен тосқауыл.
Көп болса керім балдыз да,
Тасиды бойда қан қызба.
Жападан жалғыз отырған,
Үреймен таңын атырған
Ашиды жаным жалғызға.
Жер басып жүрген күні үшін,
Жалғыздың күні құрысын.
Жолдастар, достар, туыстар,
Қынаптан шыққан қылыштай,
Сендерсің менің ырысым.
Жалғыз боп шықсаң -жол қиын,
Жетімдей болар жан-күйің,
Қайнаған өмір ішінде,
Қаптаған адам ішінде
Жалғыз боп жүрсең – сол қиын...