МЕДЕУДЕ
Шың басына сорғалай ұшып қыран да шығады,
жорғалай жылжып жылан да шығады.
халық даналығы
Медеудегі қатар-қатар баспалдақ
Бара жатты бірте-бірте аспандап.
Ар жағында не бар екен бұл таудың,
Жетер ме екен қанаты оған сұңқардың,
Қандай жігіт қиындықтан жасқанбақ?!
Ту биікке серіппедей оралып
Ирелеңдеп шыққан екен жол анық.
Асфальт жол да келіп жеткен биіктен
Мəз боп тұрдым төбем көкке тиіп мен,
Төмен қарай қадалып.
Қандай бақыт таппасаң да жолда түк,
Шықсаң тауға маңдайдан тер саулатып.
Шаршап-талып əзер шыққан жерге мен
Сен де кепсің көлігіңмен заулатып.
Тұрып қалдым əрі-сəрі күйде мен,
Сені мотор, мені жүрек сүйреген.
Бірақ, шыққан тауымыз бір дəл қазір,
Қандай тағдыр екеумізді билеген?
Əрі қарай баспалдақ жоқ, жол да жоқ,
Кері оралып кетіп жатыр «Волга» көп.
Көңіліме күмəн кірді, кідірмей
Етекке енді түсер шамаң бар ма деп.
Сен де маған езу тартып күлмейсің,
«Төменде де көлік қаптап жүр»,– дейсің.
Мен көргенді сен де көрдің, əрине,
Нені сездім?
Оны мүлдем білмейсің.