04.06.2022
83
ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ОЗБАЙ МА?!
Ұзақ киген киімнің тозатыны анық қой,
Бірақ, жаңа киімім қонбай тұрған тəрізді.
Аттылының жаяудан озатыны анық қой,
Бірақ, жолым жарыста болмай тұрған тəрізді.
Киім тіккен қонымды айналайын шеберден,
Сонда-дағы өзімді сол қалпымда көрем мен.
Кеудем ойға толғанмен, бəрін айтпай өлеңмен,
Атқа мініп алғанмен, аяңдаумен келем мен.
Жылдар бойы құр текке қызықтаппын көркімді,
Байсалды боп көрініп, келмеді деп желіккім,
Жазбай жырды серпінді, тежеп ұстап еркімді,
Шабам деген жүйрікті ауыздықтап келіппін.
Біреу ерте, біреу кеш, ниетімді ұқпай ма,
Ағайынның тілеулес бір үміті болармын.
Жүзден жүйрік озбай ма, мыңнан тұлпар шықпай ма,
Ал, əйтпесе, көміліп шаң астында қалармын.