АНАМА ХАТ
Апатайым, аман-есен бармысың,
Көп қой менің саған айтар алғысым.
Алақанға ап əлдилеші сəбидей,
Балаң бір сəт мызғып алсын, қалғысын.
Сондай қатты аңсап жүрмін сені шын,
Сенің арқаң өмірдегі жеңісім.
Балаң үшін барлығына бəйек боп,
Қинайтынсың жаныңды да мен үшін.
Ақ сүтіңді келіп еді ақтағым,
Бола алдым ба енді сенің мақтаның?
Ұмытқам жоқ барарымда оқуға
Анашымның жалғыз сиырды сатқанын.
Уайым жоқ қазір көңіл қарайтқан,
Балаларым шаттығымды молайтқан.
Құлағымда күмбір қағып тұрады
Ең əсем əн – бесік жыры сен айтқан.
Дей алмаймын: «жігерім аз, күшім кем»,
Ел ниетін ақ тілек деп түсінгем.
«Əлди, əлди, бөпешім», – деп сол əнді
Мен де ыңылдап қайталаймын ішімнен.
Ұл мен қызың сан тарапта тұрсақ та,
Жүргендейміз сен бастаған бір сапта.
Немереңді аялайды келінің,
Көз алдыма сен келесің сол шақта.