04.06.2022
  108


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ӘКЕ ТУРАЛЫ ЭЛЕГИЯ

1.
Қабырғада тұрған жалғыз суретің
Менің барлық қимылымды тұр бағып.
Көлдей тұнық көзің қайда күлетін,
Жаймашуақ күнің қайда бір қалып?
Баяғы үйде, тек сен жоқсың қасымда,
Өткен күнді оймен шарлап тұрам көп.
Мейірленсең, сипаушы едің басымнан:
«Осы балам ақын болып шығар»,– деп.
Көңілімде ондай сəтте жаз болып,
Апам үнсіз күлімсіреп қояды.
Сол сөзге де жетісіп мен, мəз болып,
Қопақардай болып қалам баяғы.
Маған сонда жыр оқытып, өзің де
Өлеңімде қате кетсе, түзетіп.
Кешке қарай, қолыңның бос кезінде
Отырушы ең өткен күнді сөз етіп.
Құлағымда əрбір сөзің орынды,
Əлі күнге желеп-жебеп жүр мені.
Мұңайма, əке!
Салып берген жолыңды
Жалғастырып əкетемін ілгері.
2.
Жан əке, жүруші едім еркелеп тым,
Əлпештеп өсірдің де, теңтек еттің.
Көп жаттың сырқат меңдеп, төсек тартып,
Өмірге аз қонақ боп, ерте кеттің.
Сұм тағдыр, мұң-қасірет ала келдің,
Көзіме жас құйылып қала бердім.
Жатырсың мəңгі ұйқыда, тыным алып,
Бұйырып бір пұшпағы қара жердің.
Қолдағы денсаулықты - бар асылын,
Болмады арашалар жанашырың.
Қайғы артып анам қалды ортасында,
Шиеттей тоғыз бірдей баласының.
Жас болып, қадіріңді елемедік.
Есейіп, қуанышқа бөлемедік.
Жетіліп, біз ер жетсек, алма-кезек,
Сайрандап жүреді ғой деген едік.
Əкелік парызыңның өтелгенін,
Білгенде армансыз боп өтер ме едің,
Көрмедің бір ұлыңның отау құрып,
Үй болып, жеке шаңырақ көтергенін.
Əкежан, əлі күнге берекемсің,
Мəңгілік балаң үшін тірі екенсің.
Түсімде көрдім бірде, қаладан кеп,
Базарлық үлестіріп жүр екенсің.
«Əке!» – деп есіміңді қайталаппын,
Тұнығын көңілімнің шайқап ақтың...
Кетуің келіңнен тез болды ма?
Жапқанын қалай есік байқамаппын.
Жаныма жылы сезім өттің сеуіп,
Қарманды айналасын жеткіншегің.
Қас қағым сəт болса да, келші маған,
Еркелетші...
Сағынып кеттім сені!
3.
Жабырқау ойлар көп менде,
Жақсыдан қалған жұрнақ ем.
Əке, сен бізден кеткенде,
Теңселіп аспан тұрды əрең.
Қаралы сол кез есімде,
Өтсе де жылжып талай жыл,
Даланың жалпақ төсінде
Көзіңнен ұшқан арай жүр.
Шашымды тарап сал-самал,
Айтады ғажап ертегі,
Желқуар суы аңсаған
Сен болып күйді шертеді.
Көп еді үміт, арманың,
Жебеушім болдың сен менің,
Ұлыңның адам болғанын
Көрмедің, бірақ, көрмедің.
Тұрамын үнсіз ойланып,
Сен басқан жерді күн сүйді.
Ауылдың маңын айналып,
Аққулар баяу сыңсиды.
Жатады бұғып көңілде
Шешуін таппай сан сұрақ.
Жоқтайды сені əлі де,
Көк жүзі жасы тамшылап.





Пікір жазу