04.06.2022
137
Қанша есікті жұлқып аштық...
Қанша есікті жұлқып аштық,
Қанша есікті қатты жаптық.
Жүйке тозып, ұйқы қашты,
Ұялғаннан бетті бастық.
Тіл қата алмай, жанды қинап,
Тұрдық талай именіп те.
Кісі сыйлап, бедел жинап,
Сөзді тыңдап үйрендік пе?!
Көптен үркіп, жалғыз жүрсек,
Сындыра алмас кім шыбықты?!
Бетке айтқанды айып көрсек,
Кім түзейді кемшілікті?!
Тарттық азап, көрдік қорлық,
Тонып-жаурап, жолда қондық.
Көре-көре көсем болдық,
Сөйлей-сөйлей шешен болдық.
Ойлар да көп көкейтескен,
Бейнет басым, шеріміз көп.
Өз еліңде туып-өскен
Шегінетін жеріміз жоқ.